Ата-аналар үшін
Қосқан Автор   
15.04.15 10:23

Сыпайы сөйлей білесіз бе?

Қарым-қатынас жасау әдебі

Сәлемдесу - мәдениеттің алғы шарты.

Сондықтан да, кім-кіммен де сәлеміңіз түзу болсын.

Егер танысқан бойда, танысқан адамыңыздың аты есіңізден сарт етіп шығып кетсе, оған "Атыңызды қайталаңызшы" деп айтпауға тырысыңыз. Немесе көшеден танысыңызды көріп қалып, оның да атын есіңізге түсіре алмасаңыз, "Атыңыз кім еді?" деп сұрау ыңғайсыз. Оның орнына "Сізді көргеніме қуаныштымын" деу әлдеқайда жағымды әсер қалдыратыны сөзсіз.

Қарым-қатынас кезінде адамнан ақша төңірегіне тірелетін мәселелерді себепсізден-себепсіз сұрамауға тырысыңыз. Мысалы: "Жалақыңыз қанша?" немесе "Пәтеріңізге қанша төлейсіз?" деген сұрақтарды өзі айтпайынша сұрамағаныңыз жөн. 

Сондай-ақ, адамның жасын сұрау да мәдениетке жатпайды.

Егер жаңатанысқан адамыңыз ортақ таныстарыңызды даттап жатса, оған қосыла кетіп жамандап жүрмеңіз. Немесе сіз танымайтын бейтаныс біреуді жамандап жатса, қосылмаңыз. Бейтарап қалыңыз.

Ағашта қанша жапырақтың болатыны секілді, адамда да сонш амінез бар.Өте жабық, тұйық адамдармен араласу оңай емес. Ал өз ойын жеткізе алмайтын адамдармен қарым-қатынасты қалай жасауға болады?

Сіздің де өз ойыңызды дұрыс жеткізіп, әдемі сөйлегіңіз келетіні рас. Әр орта әр басқа. Сондықтан, бірдеңе демес бұрын, сөзіңізді аудиторияға ыңғайлап алыңыз. Көбіміздің сөзіміз ыңғайлы уақытта қажетті сөз айтпаудың кесірінен жараспай жатады.Мысалы, өте тәрбиелі адамның бұзақымен өте сыпайы түрде сөйлесуі немесе үндемеу керек жерде көпіріп сөйлей беру, не сөйлеу керек жерде тас-түйін боп ауыз ашпай отырып алу ыңғайсыздық тудырады.

 

Қашанда шынайы болуға ұмтылыңыз. Күлкіңіз келмеген жерде, күлмеңіз. Қарым-қатынаста табиғи бейнеңізді сақтауға тырысыңыз.